Президент сайлауына қарсы митингке шығуға үндеген журналист полицияға шақырылды

Мені қамап тастаса басқалары шығады


12/10/2022
16:49 26863 0

Кезектен тыс президент сайлауына қарсы митингке шығуға үндеген тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім Алматы облысы Іле аудандық полиция басқармасына шақырылды. Журналистің өзі полицияға не себепті шақырғанын білмейді. Оған үйіне келген полицейлер ешнәрсе деп түсіндірмеген. 

 

– Маған ешнәрсе деп түсіндірмеді. Сұрағанымда «сіз өзіңіз біліп тұрсыз ғой» деп жауап берді. Олардың түріне қарап, болжам жасасын деп ойлаған болулары керек. Шүкір, болжам жасай аламын. Біліп отырмын. Қазанның 25-і күні сағат түскі 12:00 Тоқаевтың заңсыз сайлауын тоқтатайық деп Қазақстан халқына алаңға шығайық дедім. Өйтпесек тағы болмайды. Тоқаевтың еститін үкіметі мүле естімейді. Бұл менің ғана шешімім емес, бұл алматылық белсенділердің шешімі. Біз ақылдаса келе осы шешімді қабылдағанбыз, – деді Мұхаммедкәрім. 

 

Думан Мұхаммедкәрім қамалудан қорықпайтынын, қажет болса өзге де белсенділер алаңға шығатынын айтты. 

 

– Мені қамап тастаса басқалары шығады. Бір айға, он жылға қамасын. Қолдарынан келсе қамасын. Мен дайынмын. Биыл бұл жүйе құлайды. Биыл барлық саяси қудалауға ұшыраған адамдар босап шығады. Тарих біздікі, болашақ біздікі, – деді Мұхаммедкәрім. 

 

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен ҚР Әкімшілік кодексінің 488 бабының 7 бөлігі бойынша іс қозғалуы мүмкін екенін айтты. Ол Мұхаммедкәріммен бірге полиция бөліміне кірді. 

 

Думан Мұхаммедкәрім – ютуб арнасында азаматтық қоғам және оппозиция өкілдерімен сұхбат жасап, Қаңтар оқиғасын басынан аяғына дейін көрсетіп жүрген тәуелсіз журналист. Қазіргі уақытта оның «Не дейді» ютуб арнасында 120 мыңнан астам жазылушы бар. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/10/2022 16:49
26863 0

Уведомление